Мазмұны
Қаптамадағы «табиғи» деген сөзді көпшілік қауіпсіздіктің кепілі ретінде қабылдайды. Алайда өсімдік сығындысы – өзіндік әсері, қолдануға қатысты шектеулері және ықтимал жағымсыз реакциялары бар белсенді зат. Менопауза белгілерін жеңілдету үшін қолданылатын цимицифуга да бұдан тыс қалмайды. Бұл фитотерапиядан бас тарту керек дегенді білдірмейді, керісінше, препараттың нұсқаулығын толық оқып шығудың маңызды екенін көрсетеді.
Қазақстанда цимицифуга сығындысы Климадинон® дәрілік препаратының құрамына кіреді. Төменде оның ресми нұсқаулығындағы адамдар көбіне назардан тыс қалдыратын маңызды мәліметтер келтірілген. Нұсқаулықтың толық мәтіні https://www.klimadynon.kz/kk/instruction-tabs бетінде жарияланған. Сол жерден препараттың қосымша парағын да жүктеп алуға болады.
Кімдер алдымен дәрігермен кеңесуі керек?
Препаратты қолдануға бір ғана қарсы көрсетілім бар – оның құрамындағы компоненттерге жоғары сезімталдық. Дегенмен кейбір жағдайларда препаратты қабылдау туралы шешімді тек дәрігермен кеңескеннен кейін қабылдау қажет.
- Бауыр. Егер бұрын бауыр ауруларымен ауырған болсаңыз, препаратты сақтықпен және бауыр қызметін бағалайтын зертханалық көрсеткіштерді бақылау арқылы қабылдау керек.
- Онкологиялық аурулар. Сүт безінің обырынан немесе гормондарға тәуелді басқа да ісіктерден емделген не қазіргі уақытта ем қабылдап жүрген әйелдерге препаратты дәрігердің кеңесінсіз өз бетінше қабылдауға болмайды.
- Гормондар. Таблеткаларды эстрогендермен бірге тек дәрігердің ұсынысы бойынша қолдануға болады.
- Лактоза. Таблеткалардың құрамында лактоза бар. Сондықтан тұқым қуалайтын галактоза көтере алмаушылығы, лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар адамдарға бұл препарат жарамайды. Қант диабетімен ауыратын адамдар үшін бір таблетканың құрамында 0,01 нан бірлігі (НБ) бар екенін білу маңызды.
- Жүктілік. Перименопауза кезеңінде етеккір циклі әлі сақталған болса, жүкті болу мүмкіндігі де бар. Препаратты жүктілік және бала емізу кезінде қолдану ұсынылмайды. Сондықтан етеккір кешіккен жағдайда алдымен жүктілікке тест жасаған жөн.
- Басқа дәрілік препараттар. Өзге дәрілермен өзара әрекеттесуі туралы мәліметтер тіркелмеген. Соған қарамастан, дәрігер қабылдап жүрген барлық дәрілік заттарыңыз, соның ішінде дәрумендер мен шөп қоспалары туралы білуі тиіс.
Елемеуге болмайтын белгілер
Төмендегі белгілер пайда болған жағдайда препаратты қабылдауды тоқтатып, дәрігерге қаралыңыз:
- ешқандай айқын себепсіз әлсіздік сезіну;
- тәбеттің жоғалуы;
- терінің немесе көз ағының сарғаюы;
- зәр түсінің қоюлануы;
- іштің жоғарғы бөлігіндегі жүрек айнумен немесе құсумен қатар жүретін қатты ауырсыну;
- тері бөртпесі, қышыну, есекжем немесе беттің ісінуі.
Нұсқаулықта алғашқы бес белгі бауырдың зақымдануының ықтимал көріністері ретінде көрсетілген. Сондықтан оларды жай ғана шаршаудың немесе гормондық өзгерістердің салдары деп қарастыруға болмайды.
Жағымсыз әсерлер туралы бөлімді қалай дұрыс түсінуге болады?
Дәрілік препараттардың нұсқаулықтарында жағымсыз реакциялар пайда болу жиілігіне қарай жіктеледі. Бұл санаттар «өте жиі» (әрбір он адамның кемінде біреуінде кездеседі) дегеннен «өте сирек» (он мың адамның біреуінен де сирек кездеседі) дегенге дейінгі аралықты қамтиды. Климадинон® препараты үшін көрсетілген барлық жағымсыз реакциялар «жиілігі белгісіз» санатына жатады. Бұл олардың жиі кездесетінін білдірмейді, тек қолда бар деректер негізінде пайда болу жиілігін бағалау мүмкін емес екенін көрсетеді.
Кез келген жағымсыз реакция туралы дәрігерге, фармацевтке немесе ndda.kz сайты арқылы Қазақстан Республикасының Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына тікелей хабарлауға болады.
Препараттың нұсқаулығын мұқият оқу оған сенімсіздік танытуды білдірмейді. Керісінше, бұл ықтимал қауіптерді азайтудың тиімді жолы. Өйткені қандай белгілерге назар аудару керектігін алдын ала білген әлдеқайда оңай, ал мәселе туындағаннан кейін оның себебін анықтау күрделірек болуы мүмкін.